Мақсаты: Қазақстан Республикасының Конституциясының мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызын білім алушыларға түсіндіру, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Сонымен қатар жас ұрпақты адалдыққа, білімге құштарлыққа, еңбекқорлыққа, елжандылыққа, жауапкершілікке және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.
Мерекелік шара барысында Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің негізгі заңы, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен бірлігінің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екендігі атап өтілді. Білім алушыларға Конституция талаптарын құрметтеу, заңды сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу – әрбір азаматтың басты парызы екендігі түсіндірілді. Салтанатты шараға Өмірзақ ауылы әкімінің орынбасары Ғ. Молдағали қатысып, білім алушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өз сөзінде білім мен тәрбиенің қоғам дамуындағы маңызды рөліне тоқталып, жас ұрпақты сапалы білім алуға, туған елін құрметтеуге, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Р. Конкабаев қатысып, оқушыларға Отанды қорғау, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік шекараны күзетудің маңыздылығы туралы тағылымды ойларын жеткізді. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру және ел алдындағы азаматтық борышты сезіну қажеттігін атап өтті.

